
2023 ж. 7-14 мамыр аралығында «Шымкент-Цирк» МКҚК шығармашылық құрамы алғаш рет Алматы қаласына гасрольмен барып қайтты.
Қазақ мемлекеттік циркінің манежінде көрсеткен шымкенттік цирк сайыпқырандарының өнері алматылықтардың үлкен ықыласымен қабылданды. Гастроль аясында қайырымдылық шаралар, 50 жылдан астам тарихы бар алматылық цирк әртістерімен бірлескен жаттығулар, шеберлік сағаттары, Шымбұлақ аймағына серуен, телеинтервьюлер ұйымдастырылды.
Әдеттегідей, көрермендерге Ә.Серікбаев дрессуралық шеберлігімен,- жас аюдың бар икемін салып би билеуі мен түрлі күлкілі трюктер жасауы, страустың қолға үйренгені ерекше әсер сыйлады. И.Исмаилов жетекшілігіндегі акробаттар тобының «әткеншек», ҚР мәдениет саласының үздігі С.Мустафин жетекшілігіндегі «Серіппелі тақтайлар» аттракциондары, А.Кәмілалы, Е.Игенбеков және Н.Кәмілалының ерекше өжеттік пен салқынқандылықты, үздіксіз жаттығу мен орасан зор ішкі есепті қажет ететін «Семафоры» жасөспірімдер қиялын көкке өрлетіп, қанаттандырып жіберді. Ж.Қалметова. ҚР мәдениет саласының үздігі Н.Ефименко, сондай-ақ «Шабыт» халықаралық фестивалінің жүлдегері А.Сайрамбай номерлері өз биігінен таныла білді.
Еліміздің бас циркінің қызметкерлерін біздің көңілді сайқымазақ клоун Е.Таңатовтың ерекше жылылық пен мейірімге толы жүрісі, костюм, реквизиттері, балалармен бар ықыласымен үлкен шарды, питон жыланын ойната алуы, әсіресе, бүкіл залға ала бөтен эмоционалдық аура орната алуы таңқалдырды. Ержанның, оған қоса Е.Алдабергеновтың да, күн дарыған болмысы, ойын мәнері, бала психологиясын жақсы білуі,оптимистік көңіл-күйі, фокус, жонглерлық өнер, акробатикалық трюктер негіздерін меңгеріп алғандығы негіз болды.
Халықаралық фестиваль лауреаттары Ұ.Медешов, И.Алиевтер Шымкент-цирктің алтын қорындай әсер қалдырып, олардың атлетикалық, гимнастикалық дайындықтары эстетикалық талғаммен астасып жатуы, әрине, Шымкент-цирктің абыройын асыра түсті.
Халықаралық фестиваль лауреаты Е.Камалов жетекшілігіндегі шабандоздар тобы (қыздар-жігіттер) бірінен соң бірі «ат құлағында» ойнаудың рекордтық нұсқаларын жайып салып, бағдарламаның асқақ ырғағына жалында нүкте қоюы көрермен көңілін ерекше шалқытты.
Бағдарлама режиссерлары С.Сраилов, Қ.Ізтілеуов, ҚР мәдениет саласының үздігі Г.Мустафинаның қойылым ырғағын, алматылық көрермен үмітін жақсы ескергені көрінп тұрды.
2 сағаттық қойылымның көркемдік жетекшілері- ҚР мәдениет қайраткерлері М.Бегалиев пен Н.Адильханов, бимен (топ жетекшісі-ҚР мәдениет саласының үздігі Н.Халықбердиева) кестеленуі, жарықпен, талғамды әуенмен көмкерілуі (Б.Стыбаев, Н.Елен, Н.Кртутских)Шымкент-цирктің шығармашылық ұстанымын, көркемдік деңгейін анықтап тұрды.
Шымкент-цирк өсу үстінде!